Көк майса. Жасыл жайлау. Түкті кілемге оранған дала жарықтықтың жұпар иісі танауды қытықтайды. Қатаркөл ауылының шекарасына орналасқан Этноауылға ат басын бұрдық. Бұрқылдап түтіні түзу шығып самауыр қайнап жатыр. Ауданымызға қарасты ауылдардың барлығының тұрғындары осы жерде. Көркем безендірілген сахна.
Бурабай ауданының әкімі Арай Садыков, жиналған қауымды қазақтың ұлттық аспабы «Домбыра күнімен», сондай-ақ «Астана күнімен» құттықтап ізгі тілегін бөлісті.
Елдің еңсесі биік, көңілдері көтеріңкі. Қатар-қатар тігілген киіз үйлер. Барлығы әбігер. Сонымен «қымызфест» атауымен жергілікті жерде желіге құлын байлап, бие сауып отырған қымызөндірушелер арасында сайыс өтті. Бұл жерге келгендер бал қымыздан дәм татып, өз бағаларын беріп жатыр.
«Әжелер сайысына» ауданымыздың ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ақ жаулықты асыл әжелеріміз қатысып өз өнерлерін ортаға салды.
Әннен шашу шашылды, күмбірлеп күй тартылды. Жиын соңында Бурабай ауданының «ақсақалдар алқасының» төрағасы, «Бурабай аудандық қоғамдық саяси газетінің» директоры Өтелбай Бейсенов, жиналған қауымды мерекемен құттықтап ізгі тілегін бөлісіп «Әнші ауылға» белсене қатысқан округ әкімдеріне салтанатты түрде «Алғыс хат» пен ақшалай сертификат табыс етті. Бұл жолы Зеленобор округі бас жүлдені қанжығасына байлады.
Қысқасы «Домбыра күніне» арналған жиын көпшіліктің есінде қалатындай әсерлі өтті.
«Бурабай-ақпарат»