Ақмола облысында түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 249 депутат сайланады. Қазіргі кезде кандидаттарды ұсыну жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Әсия Күштаеваның мәліметінше, соның ішінде 16-ы облыстық, 41-і қалалық, 192-і аудандық мәслихаттарға өтеді. Сонымен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісіне 1 депутат сайланады.
Осы ретте, облыстық мәслихатқа сайланатын депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық, яғни мажоритарлық жүйе, қалған жартысы партиялық тізім бойынша. Қалалар және аудандарда толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланады.
«Қазір таңда 8 ақпанға дейін жалғасатын кандидаттарды ұсыну процесі жүріп жатыр. Мажоритарлық жүйе бойынша үміткер өзін-өзі ұсыну жолын таңдай алады. Өзін — өзі ұсынушы алдымен қай сайлау округі бойынша сайлауға түскісі келетінін шешуі керек, оны тұрғылықты жері бойынша да, басқа жерде де ала алады, бірақ содан кейін ол сол жерде тіркелуге міндетті болады», — деп түсіндірді Әсия Күштаева.
Айта кетсек, бұдан бұрын Талғат Жүнісов Ақмола облысынан Сенат депутаты болып сайланған еді.