Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңында кеңестік «Тәрбиеші мұртты ағай» («Усатый нянь») деген фильм жарыққа шығып еді. Қазіргі аға буынның ол кезде балалықтың бал дәмін татып жүрген шағы ғой. Фильмнің желісі тартымды, балаларға өте қызықты болатын. Бұл көркем туындының прототипі, яғни өмірдегі кейіпкері — КСРО кезінде мектепке дейінгі тәрбие бойынша білім алған және бала бақшаға тәрбиеші болып жұмысқа тұрған тұңғыш ер адам Борис Верзуб болатын.
Ал, біздің мақаламызға арқау еткелі отырған бүгінгі күннің кейіпкері, Бурабай ауданы бойынша ғана емес, Ақмола облысында бала бақша тәрбиешісі лауазымында жүрген ер азамат — Досмагамбетов Арман Карибаевич. «Арман» Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы МКҚК жанындағы «Болашақ» шағын орталығының «Балапан» тобының бүлдіршіндері Арман ағайларына тез-ақ үйіріліп, бауыр басып қалады. Балалардың ана тілінде жатық сөйлеп, жан-жақты дамуына ықпал етіп, тер төгіп жүр.
Мемлекеттік тілдің кең өріс алып, кедергісіз қолданылуына тіл жанашыры ретінде үнемі назар аударады. Оның нағыз ер-азаматқа лайық бойындағы қасиеттерін бағалаған ата-аналар бүлдіршіндерін «балапан» тобына үлкен сеніммен алып келеді.
Әріптестер арасында беделді, ата-аналар алдында құрметті Арман Карибаевич отбасында да үлгілі, қамқор әке. Бала алдындағы әкенің беделін өсіруді отбасында ғана емес, қоғамда да арттыру ісін насихаттауға үлесін қосып жүр. Соның айғағы ретінде, аудандық әкелер жолы байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болды.
Өткен 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Алғыс хатымен марапатталды. Республика көлемінде жас ұрпақтың тәрбиесі, отбасы құндылықтарын сақтау және нығайту жолындағы қызметі еленгеніне біздер де, әріптестері қуаныштымыз.
ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен 5 қазан — Ұстаздар күні болып белгіленді. Мереке қарсаңында әріптесіміз Арман Карибаевичке де еңбегінің жемісті, шәкірттерінің талапты, қоғам алдында абыройлы болуына тілектеспіз.
«Арман» БЖШО ұжымы.