Домбыра — қазақ халқының ұлттық музыка аспабы. Домбыраға деген қызығушылық балалар мен жастар үшін ешқашан тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Балаларды қазақтың қара домбырасына, өнерге деген қызығушылығын арттырып, домбыра аспабын насихаттау мақсатымен 2013жылы Оқжетпес мәдениет үйінде домбыра үйірмесі ашылды. Үйірме жетекшісі Өскемен қаласы, ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің түлегі Сатыбалдинова Риза Оразбекқызы.
Үйірмеге мектеп оқушылары және қазақ халық аспаптарына қызығушылық танытқан балалар қатысады. Олар барлық қалалық, аудандық, облыстық іс-шараларға белсенді қатысып, үздік өнер көрсетуде. Үйірме жұмыс істеп келе жатқан 10 жыл аралығында ұжым қатарында 70-ке жуық балалар қатысады. Қазіргі уақытта шәкірттердің бірқатары арнайы жоғары оқу орындарында білім алып, мамандығы бойынша қызмет етуде.
Қазіргі таңда үйірмеге 25 бала қатысады. Олардың барлығы дарындылығымен ерекшеленеді. Ұжымға 2016, 2019, 2022 жылдары арнайы ұлттық концерттік костюмдер тігілді және 2022 жылы 17 домбыра аспаптары берілді. Ұжым аудандық, Республикалық, халықаралық байқауларға қатысып көптеген дипломдармен, алғыс хат, құрмет грамотасымен марапатталды. Атап айтсақ: Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Рухыңмен асқақтай бер қазақ елі» байқауы, домбырашылар триосы облыстық «Күмбірле домбыра» фестивалінде лауреат атанды. Қазақ хандығының 550-жылдығы, Ұлы Жеңістің 70-жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қазақстан Конституциясының 20-жылдығына арналған «Бабалар мұрасы — Ұрпаққа қазына» «Ақмола жұлдыздары» атты аудандық халық шығармашылығы байқауында үздік өнер көрсеткені үшін «Оқжетпес сазы» домбырашылар ансамблі марапатталды. Бурабай ауданының мәдениет саласының дамытуда қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Тәуелсіздігі күнінің 25-жылдығына грамотамен, Халықаралық «Атадан-мұра» байқауы 2 дәрежелі диплом және арнайы сыйлық, Халықаралық «Мир детям» 1 дәрежелі дипломмен марапатталды. ҚР елордасы — Астана қаласының 20-жылдығы аясында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай мәдениетіміздің өрлеуіне қосқан үлес қол жеткізген жоғарғы жетістіктері үшін Бурабай ауданының әкімі домбырашыларды алғыс хатпен марапаттады. «Жас жұлдыз» республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар атанып аспапта ойнау жанры бойынша «Оқжетпес сазы» ұжымы бас жүлдемен, Алматыда онлайн форматта өткен «Ғұмырдария» 13-ші халықаралық байқауда аспапта орындаушылардың арасында домбырашылар «Үздік бас жүлде» атағымен марапатталды. Музыка әлемінде дара күйші-композитор Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойына арнайы өткізілген «Күй анасы — Дина» атты ашық түрдегі аудандық онлайн күйшілер байқауында үздік үнер көрсеткені үшін 1-ші дәрежелі дипломмен, Балалар жылына арналған «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауында көрсеткен жоғары орындаушылық шеберлігі мен үздік өнері үшін марапатталды. Мәдениет қызметкерлер арасында өткен «Жыл үздігі — 2022» облыстық байқауында «Оқжетпес сазы» ұжымының жетекшісі Р.О. Сатыбалдинова «Үздік үйірме жетекшісі» номинациясымен марапатталды.
Қазіргі уақытта домбырашылар ансамблінің репертуарында қазақ композиторларының шығармалары мен халық күйлері, орыс, түрік, халық әуендері бар. Ансамбль репертуарын әрдайым жаңартып отырады. Әр жылда ұжымның қатысушылары жаңарып, қазақ өнеріне осы домбыра аспабына деген қызығушылық танытып келіп жатқан жас өспірімдедің саны артып келеді.
Ұжымның арасында соло, дуэт, трио бар. Ұжымға қатысушы балалар тек қана домбыра аспабымен шектелмей, басқа да қазақ халық аспаптарын меңгеруде. Қазіргі уақытта ұжым кіші және негізгі топқа бөлініп жұмыс жасауда. Оларға қазақ аспаптарын насихаттап үйрету, өңірлерін шыңдауға жағдай жасалуда.
Ж. Нұрымова, Оқжетпес мәдениет үйінің меңгерушісі