Қасиетіңнен айналайын киелі өр Көкше! Аңыз Көкшетау! Бурабай!.. Бурабай десе елжіремейтін жүрек, тебіренбейтін ақын, қиялына қанат бітірмейтін жазушысы жоқ шығар! Үш жүздің басын қосқан хан Абылайға биылғы жылы -310, күй атасы Құрмағанзы Сағырбайұлына — 205 жыл, ардагер Ақан серінің туғанына — 180 жыл! Қысқасы атаулы даталар.
Абылай Көкшетауда қырық сегіз жыл бойы хандық құрып, жан-жақтағы елдермен дипломатиялық келісімдерді өзіміз ауасын жұтып, табиғатына тамсанып отырған Бурабайда өткізгендігін барлығымыз жақсы білеміз. Абылайдың өр рухының арқасында анталаған, қаптаған жаудан қазақтың байтақ жері, әркімнің қанжығасында кетпей аман қалды. Әйтпесе, елім-айлатып қазақты қынадай қырып, кең даласына сілеусін көзін қадаған жау жағамыздан жармасып, етегімізден тартып, қайран қазаққа талай қиқуды салды ғой. Хан атамыздың рухы шат болсын!
Күй атасы атанған, Құрмағанғазының күйінің күмбірі, ғасырдан-ғасырға, атадан балаға мирас болып қалыптасып қала береді. Өйткені, күй өлмейтін мұра, күй қазақтың жаны.
Ақан!-десе «жарықтық-ай!..» демейтін қазақ кемде-кем! Көкшетау Құлагердің елі, Көкшетау Ақанның елі!-дейді ғой. Ғұмырын ән мен күйге, өлең мен өнерге арнаған Ақан сері атамыз, қазақтың мақтанышы, қазақтың үлгі тұтар тарихи тұлғасы. Жарықтықтардың есімдері елдің аузында мәңгілік болып қала берсін, қала береді де. Өткен аптада, Бурабай ауданында, Оқжетпес Мәдениет үйінде «Ақмола жұлдыздары» атты халық шығармашылығы байқауының гала-концерті болып өтті. Алдымен, Ақмола облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Сабитова бастаған әділ қазылар алқасы, Абылайдың Қызылағашына барып, тарихи орынмен танысып, аралап қайтты. Оқжетпес Мәдениет үйінің алдына қойылған көзтартар көрмелер, жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдары, киіз үй, барлығы кімді болсын, қызықтырып, өздеріне қарай еріксіз елітеді. Көкшетаудан келген меймандар, алдымен қолөнер шеберлерінің көрмесін көріп танысып шықты.
Оқжетпес мәдениет үйінің көрермендер залына жиналған қошеметші ағайынның қарасы қалың. Бурабайлық өнерпаздардың асқақ әні, күмбірлеген күйі көптің көңілінен шықты. Мың бұралған биші қыздар, сахнаның сәні болған, үкілі домбыра ұстаған әншілер концертті қыздыра түсті. Бір ғажабы, осы жолғы гала-концерт тек қана мемлекеттік тілде ғана өтіп, елдің еңсесін көтеріп, рухына рухына, шабытқа шабыт қосқандай болды.
Сахнаға көтерілген Ақмола облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, бурабайлықтарды бүгінгі айтулы мерекелерімен құттықтап, отбастарына амандық тіледі. Жалпы, қасиетті Бурабай жері аңыздардың өлкесі, тектілердің тұлеп ұшқан мекені, жақсылар мен жайсаңдардың сексен көліне арғымағын суарған киелі жер. Бұл өңірдің әнсіз мәні, күйсіз сәні болмайды. Жалпы, бурабайлықтардың барлығы өнер десе ішкен асын жерге қоятын айрықша адамдар. Бүгінгі концертті көріп, көңіліміз көтеріліп, ерекше күйге түстік. Әншілерде, бишілерде, барлығының таланты тас жаратындай, ептілік, сахнадағы мәдениеттілік барлығы ғажап! -деп, осы концертке қатысқан барлық өнер иелерін «мақтау қағазымен» марапаттады.
Заманға қарай ән керек демекші, есті әнді тыңдап, көңілдері көтеріліп қайтқан көпшілік, гала-концерт ұйымдастырған жандарға алғыстарын айтты.