Кез келген халықтың өткені мен бүгінінің сабақтастығы топоним-атауларында көрініс табады. Жер атаулары қазақ халқының сан ғасырлық тарихының құпияларын ашады. Әр аймақта мәдени өмірдің тарихы мен дәстүрлері сақталған орындар бар. Ақмола облысы да бұдан тыс қалған жоқ.                                                        

Қазақстанның жер-су және елді мекендерінің байырғы атауларын жаңғырту мақсатында «Асыл қазына» өлкетану клубы аясында №2,3 қалалық кітапханалар Bandicam бағдарламасы бойынша И.Бекзатқызының «Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты кітаптың таныстырылымын өткізді.                                             

«Ақмола облысының тарихи топонимдері» кітабының авторы- ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызы. Қазақ жері ғасырлар бойы түрлі саяси оқиғалардың куәсі болғандығы белгілі. Бірнеше мыңжылдықтар бойы тарихи жағдайлар, тілдер мен халықтар, ал олармен бірге географиялық атаулар да өзгерді.       Зерттеу еңбегінде Ақмоланың ономастикалық кеңістігі бойынша жаңа деректер мен тың мәліметтер берілген, өңірдің тарихи топонимдерін зерттеу кезінде еліміздің орталық мемлекеттік архивінің тарихи құжаттары және Омбы облыстық тарихи архивінің топографиялық карталары негізінде алынған.                  

Ғылыми еңбек еліміздің мемлекеттік мұрағат деректері мен зерттеу материалдары 18-ші ғасырдың екінші жартысы мен 20-шы ғасырдың басына дейінгі аралықты қамтиды. Оның ішінде қоныс аудару құжаттары мен дала генерал губернаторларының жер-су атауларына қатысты бұйрықтары және қызметтік хаттарының көшірмелері сараланған. Нәтижесінде Ақмола өңірінің 64 елді мекенінің тарихи атауы анықталды. Аумақ топонимдерінің алуантүрлілігі өлкенің бай тарихының көрінісі болып табылады. Ежелден халық тарихы географиялық кеңістіктің топонимикалық жүйесінде көрініс тапқан. Жергілікті топонимдердің жасалу заңдылықтары мен тілдік ерекшеліктеріне назар аудара отырып, жер-су атауларында қазақ халқының мәдениеті, тұрмыс-салты мен этнографиясы бейнеленгендігіне көз жеткіздік.                              

Қазақ топонимиясының өзіндік келбетін көрсетуде қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін көрсететін тарихи топонимдерді сақтау, жоғалған топонимдерді бастапқы қалпына келтіру өте маңызды іс. Басылым «Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Ақмола облысының тарихи-географиялық атауларын зерттеу және қалпына келтіру» жобасы аясында жарық көрді.                                                                         

Кітап тіл білімі мамандарына, тарихшыларға, географтарға, сондай-ақ қазақ географиялық атауларына, топонимдердің шығу тарихына қызығушылық танытатын көпшілік оқырманға арналған.                         Бөкенова Қ.А №3 қалалық кітапхана кітапханашысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA