Ардақты ардагерлеріміз жасай берсін!..
Ауданымыз бойынша биылғы екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы ардагері қалды. Осыдан он жыл бұрын қатарлары қалың еді. Құрыштан құйған құдірет иелері, дүние салып, ХХ ғасырдың зобалаң мен қиындығын көрсе де, қыңқ етіп, ешкімге мұң мен сырын айтпай қаншамасы кетті. Екінші дүниежүзілік соғыс десе, Гитлер салған лаң, Гитлердің адамзат баласына жасаған қиянаты мен қайғысын кітаптардан оқығанда, естеліктерді тыңдағанда көңілімізді қырау шалып, денеміз мұздайды. Біреулер 9 мамырды қасірет күні дейді. Солайы солайда шығар, бірақ бес жыл бойы басқыншылармен соғысып, елге рухтанып оралған аталарымыздың, жан жарынан, баласынан айырылған әжелеріміздің еңбегін қайда қоямыз? Ақиқатында ұлы Жеңіске КСРО-ның құрамында болған елдің барлығының үлесі зор.
9 мамыр. Ұлы Жеңістің таңы. Табиғат ана мың құбылып, аспан бұлттанып, аздап сіркіреп жаңбыр жауды. Көгілдір Көкшенің тауы ақ шарпы бұлт жамылып, айрықша реңде тұр екен. Орталыққа қарай аяңдай басып бара жатқан халықтың қатары қалың. Щучинск қаласының орталығында соғыс жылдары елдің есінде қалған әдемі, әсем әуен естіледі. Алдымен есімдері елдің есінде аңыз болған жандардың рухына тағзым етіп, тұрғындар арнайы гүл шоғын қойды.
1941-45 жылы екінші дүниежүзілік соғыста жанқиярлықпен соғысып, елге оралмай қалған батырларға арналған ескерткіш қасына жиналып сап түзеген әскерилер адымдап барып гүл шоғын қойды. Аудан әкімі Әсет Мұздыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Малика Нұрпанова, аудандық мәслихат депутаттары ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жиын мерекелік концертке ұласып, ауданымызда қалған жалғыз соғыс ардагері Щудляк Арсентий Андреевичке аудан әкімі, аудандық мәслихат төрағасы арнайы құттықтап Ұлы Жеңістің — 78 жылдығына арнап жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, аудан басшылары сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар соғыс жылдары тылда еңбек еткен еңбек ардагерлерінің де шаңырақтарына барып, мейрамдарымен құттықтап, отбастарына амандық тіледі.
Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған салтанатты жиын тек қана аудан орталығында ғана емес, барлық ауылдық округтердің әкімдері тылда еңбек еткен ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтап, мейрам ерекше сипатта өтті. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ардагерлеріміз аман болсын!..
Шолушы