Ұстаз — ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық-ұлы құрмет» деген еді. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді.
Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Щучинск қаласының №5 жалпы орта білім беретін мектебінде Шакенова Күлханым Нұртілеуовна ұстаздық еңбек жолын жалғастырып келеді. Тарих және география пәндерінің білікті маманы, жоғарғы санаттағы мұғалім. 37 жыл еңбек өтілімі бар.
Осы еңбек жолында оқушылары мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Өз еңбегінің арқасында ұстазға аудандық, облыстық алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар берілді.
Республикалық «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты жинақ кітабының құрметті мүшесі қатарына жазылды.
Күлханым Нұртілеуовна-ұлағатты ұстаз ғана емес, перзент тәрбиелеп отырған аяулы ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Қазіргі уақытта мектеп ұжымының арасында сыйлы, тәжірибиелі маман.
Қорыта айтқанда, әр мұғалімнің алдындағы мұраты- өз пәнін жетік біліп қана қоймай, әр оқушыны шығармашылық тұлғаға жетелеу. Әр баланың қабілетін, талантын ашу, өзіне- өзінің сенімін нығайтып, жол ашуына түрткі жасау- міне бүгінгі білім беру, тәрбие ісінін басты міндеті.
Әріптесеміз Күлханым Нуртилеуовнаға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз! Таңдап алған ұстаздық жолда биік шыңдарға көтеріле берсін!