Көп жылдар бойы оқушыларын сабырлы мінезімен, салиқалы ақылымен тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстазға ыстық ықыласымызды білдіргіміз келеді.37 жыл өмірін бала тәрбиесіне арнаған Щучинск қаласының №9 мектеп-гимназиясының тәжірибелі, білікті ұстазы Сердалина Бибігүл Сатыбайқызының еңбегі қашан да ұшан теңіз. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді алдынан күлім қағып, қарсы алып, білім әлеміне жетелейтін ол әр баланың жеке қабілеттерін ашуға үлкен мән береді. Алған білімін өмірде қолдана білуге баули отырып, болашақ өміріндегі қадамының нық болуына негіз қалауды мұғалім өзінің басты міндеті ретінде санайды. Оқытумен қатар, ол тәрбиелеуге ерекше мән береді. Білім мен тәрбиенің егіз екенін жақсы түсінген ұстаз шәкірттерінің бойында патриоттық сезімдерін, адамгершілік, жанашырлық, сыйластық қасиеттерін қалыптастыруға баса күш салады. Өйткені мектеп қабырғасында әліппені игере бастаған оқушы ертеңгі еліміздің толыққанды азаматы болмақ. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімі болашақтың негізін қалап отыр десек артық болмас.
Бибігүл Сатыбайқызы педагогика саласындағы әрбір жаңалықты жылы қабылдап шәкірттердің бойына жеткізе білуімен қатар, өзінің жинақтаған іс-тәжірибесін жас мамандарға ұсынып отырады, оларға ұстаздық етудің қыр-сырын игеруге көмектесіп, олардан қолынан келген көмегін аяған емес. 45 минут сабақ арқылы дүниенің ғажайыпқа толы құпиясын аша білуді үйретудің шебері деуге болады. Әр сабағына тыңғылықты дайындалып, өз ісін сүйіспеншілікпен атқарады, сонысымен әріптестерінің арасында сыйлы.
Ұстаз шеберлігін шәкірттері дәлелдегендей, олар аудандық, облыстық, республикалық зияткерлік байқаулардың жеңімпазы атанып, мектептің жетістік қоржынын толтырып келеді. Бибігүл Сатыбайқызыөз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге нық қадам басуына бағыт беретін орны бөлек ұстаз. Осындай жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымыз — шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бүкіл ел мақтанышы деп ойлаймыз. Бибігүл Сатыбайқызын келе жетқан ұстаздар мерекесімен шын жүректен әріптестер атынан құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз!