Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. Ұстаз — ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да, ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Мектебімізде өзіндік орны бар ұстаз — Қасенова Салтанат Наурызбайқызының алдынан талай шәкірт білім алып, сан-салада қызмет атқарып жүр. Салтанат Наурызбайқызы 1963-жылы Мәдениет ауылыныда дүниеге келген. Есмағанбет Ысмайылов атындағы Мәдениет орта мектебінен 1980 жылы бітіріп, Көкшетау қаласы Шоқан Уәлиханов университетін физика-математика мамандығы бойынша аяқтап, алғаш еңбек жолын Жаңаталап ауылынан бастаған. 1985 жылы өзі түлеп ұшқан алтын ұя мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 2000 жылдан бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, бұл қызметті 2023 жылға дейін атқарды.
Көп жылдар бойы еңбек ете отырып, өзінің сабырлы мінезімен, салиқалы салмақты ақылымен әріптестерінің ыстық ықласына бөленіп жүр. Әрбір ұстаздың бойынан табылатын төзімділік, сыпайылық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді Салтанат Наурызбайқызының бойынан табуға болады. Осыдан қырық жыл бұрын мектеп табалдырығын имене аттаған жас қыз бүгінгі таңда өзінің жинақтаған іс-тәжірибесін жас ұстаздардың назарына ұсынып, олардың шығармашылықтарының шыңдалуына ат салысып жүр.
Құрметті, Салтанат Наурызбайқызы! Тәуелсіз қазақ елінің дамуына, гүлденуіне қосып келе жатқан еңбегіңіз үшін мектеп ұжымы атынан алғыс білдіреміз. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!