Болыспаева Ырыстай Какимовна — ұзақ жылдар бойы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып, жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан білімді де, білікті, өз ісінің шебері, ұлағатты ұстаз. Бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ізденімпаздығымен мектептің абыройын биік мәртебеге көтеруімен ерекшеленеді. Өзі еңбек етіп отырған Щучинск қ. №7 мектеп-лицейінде «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасын тәрбие үрдісіне енгізіп, оқушылардың бойында рухани-адамгершілік қасиеттердің дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жалпыадамзаттық, ұлттық, отбасылық құндылықтарды дамытатын, әр жеке тұлғаның шығармашылық қабілеттерін ашу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Әр іс-шара арқылы, сабақтарын жүргізу барысында бала жүрегіне патриоттық, адамгершілік, сыйластық, еңбекқорлық, отбасының жанашыры болу қасиеттерінің нәрін сеуіп, еліміздің болашақ азаматының қалыптасуына қомақты үлесін қосып отыр.
Әріптесіміз ұстаздық ету жолында жасаған еңбегінің нәтижесінде жоғары жетістіктерге жетіп, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Ақмола облысы білім басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Құрметті, Ырыстай Какимовна, зейнеткерліктің жақсылығын көріңіз, қажырлы еңбегіңіз, кәсіби іскерлігіңіз бен парасаттылығыңыз үшін алғысымызды білдіреміз, кішіге ілтипат, үлкенге ізеттілік көрсете білдіретін қасиеттеріңіз кейінгі жас толқынға үлгі-өнеге бола берсін.