Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі
Ы. Алтынсарин
Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек,-деп ұлы ғұлама Әл-Фараби айтқандай, өзінің кәсіби шеберлігімен қатар ізгілігімен ерекшеленетін ұстаздардың бірі де, бірегейі Зеленобор мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі Айжан Аманжоловна Акатова.
Акатова Айжан Аманжоловна-жас ұрпақты биік мақсаттарға жетелеп, өз бойында бүкіл адамзаттық құндылықтарды жинақтаған, өзін-өзі дамытатын тұлғаны тәрбиелеп келе жатқан ұстаз. Өзін ұстаздық қызметке бар жан-тәнімен берілген кәсіби маман, бала тәрбиесінің қыры мен сырын жан-жақты зерттей білетін, еңбекке деген құштарлығы мол, көп ізденгіш ұстаз ретінде танытуда. Жұмыс барысында кәсіби шеберлік деңгейі, әсіресе оның аса жауапкершілігімен, өзіне деген талапшылдығымен, үнемі өзін-өзі жетілдіру және өздігінен білім алумен шыңдалған. Өзі сабақ беретін сыныптарда оқытудың жаңа заманға сай алдыңғы қатарлы технологияларын кеңінен қолдана біледі.
Ұлт көшбасшысының «Дарынды тұлға — халқымыздың ең қымбат байлығы» дегендей, дарынды балаларды білім нәрімен сусындатып, оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулып, олимпиада жеңімпаздарын үздіксіз дайындауда, еңбегі шәкірттерінің бойына сіңірген еңбегімен бағалануда, шәкірттерінің жетістіктерімен көрінуде. Облыстық, республикалық және халықаралық кезеңдердің жеңімпазы болған еңбектері мен оқушыларының жетістіктері өте көп.
«Қыран — түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз — шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды», — дегендей шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу -Айжан Аманжоловнаның қызметінің тағлымды өлшемі, ізденіс нәтижесі.
Ұстаздық дарын үздіксіз ізденіс үстінде шыңдалса ғана, мәуелі табыс тезірек тұлғаланбақ, оқушы санасында ұстаз қалдырған із ұзақ сақталмақ. Шығармашылық жаңа бір нәрсені жасап шығару, белгісіз нәрсені ашу болатын болса, оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік қабілетін жан-жақты дамытып келе жатқан ұстаз. Бала бойындағы дарындылық қабілеттерін ашу, күш-қуатын жетілдіру шын дарынды екендігіне сендіру ұстаз шеберлігі екендігі баршамызға аян.
«Ұстазсыз шәкірт тұл» дегендей, Айжан Аманжоловнаның да шәкірттері бүгінде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгуде. Өнегелі ғұмырында қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік дарыта білген Айжан Аманжоловна — шәкірттерінің білімге деген сүйіспеншіліктерін оята білген жан.
«Дүниеде көп адамды бақытқа кенелткен адам — бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Айжан Аманжоловна — бақытты жан, ардақты ана, сүйікті жар атанып отыр. Ұрпағымен жайқалып отырған ұстазға денсаулық тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін деген ниетіміз бар.