Толеранттылықты берік сақтаған елміз. Көп ұлттың өкілдері, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Тағдырдың айдауымен кезінде жүздеген ұлт өкілі, ортақ отанымыз Қазақ елінен келіп пана тапты. Ингуш-шешен, балкар, кәріс, неміс халқы т.б. ұлт өкілдерінің туған жері, тұрған шаһары атанған көпұлтты елдің басты бағыты бірлік екендігін түсініп, талмай еңбек етіп жатыр. Бірлігі бар елде тіршілік тамыры соғып, салт мен санасына, ғұрпы мен мәдениетіне ешқашан сызат түспейді. Щучинск қаласында бүгінгі күні 75 мың халық тұрады. Бұлардың ішінде қаншама ұлт өкілдері қаланың өсіп-дамуына, ауданның көркейіп, өркендеуіне ат салысып жатқандығын барлығымыз жақсы білеміз. Бақыт бағасын білген халықтың басында ғана тұрады демекші, татулықты мұрат еткен елдің ертеңгі болашағы бүгінгі даму бағытының айқын көрінісі ол бірлік, татулық.
1 мамыр күні орталықта әуелеп күй ойнады. Түрлі ұлт өкілдерінің балалары өздерінің ұлттық киімдерін киіп шығып, алаңға қарай асығуда. Мамырдың алғашқы күні аздап ауа райы суытып тұрса да, табиғаттың мінезіне ешкім қарап жатқан жоқ. Татулық бар жерде бірлік бар, білекке білек, жүрекке жүрек қосылып, тілекке тілек жалғасып жатқан айрықша күнді, ерекше мейрамды тойлаған елдің еңсесі биік, көңілі көтеріңкі. Орталықта алдымен көпұлтты мемлекетіміз жайлы, келіп жеткен мерекемен Бурабай аудандық «Бурабай» газетінің директоры Өтелбай Бейсенов құттықтап, ізгі-тілегін білдірді.
Ингуш, неміс ұлтының өкілдері құттықтап күн сайын дамып келе жатқан көпұлтты еліміздің ертеңгі сенімі бірлікте екендігін айтып жеткізді. Әр ұлттың балалары әннен шашу шашып, өздерінің мәдени өмірінен көрініс қойды.
Шолушы назарынан