Елдің әлеуетін бірлесіп көтеру керек
Бурабай ауданының әкімі Арай Серікбайұлы Садықов, өткен сенбіде тоғыз жолдың торабында орналасқан, курорттық өңіріміздің бір бөлшегі Қатаркөл ауылына барып, жергілікті халықпен кездесті. Алдымен, посткеңестік заманнан бері, іргесі қаланып талай-талай кадр маманның тұсауын кескен, Қатаркөл ауылындағы Ауылшаруашылық колледжіне ат басын бұрды. Колледж қабырғасында жаңа оқу жылына дайындалып жатқан, ұстаздар аудан әкімін жылы қарсы алып, іргелі оқу ордасының жай-күйімен таныстырды. Жыл өткен сайын аталмыш оқу ордасына келетін студенттер саны артып келеді. Бұл жерде көбіне ауылшаруашылық мамандарын оқытатындықтан, оңтүстіктен жастар көп келеді. Көбіне малдәрігерлігіне құжат тапсырады,-дейді колледж әкімшілігі. Сонымен қатар, студенттеріміздің көзі қануы үшін, агросаласымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен екіжақты келісімшартқа отырып, иықтасып практикалық тұрғыда жұмыс істейміз. Әрине, ауылшаруашылығы дамыса — бұл алдымен еліміздің дамуына, экономикалық тұрғыдан өрлеуіне зор мүмкіндік, әрбір студент жатақханамен қамтамасыз етілген, 2023-2024 жылға толық дайынбыз,-деп колледж ұстаздары аудан басшысына білім ордасының ғимаратымен таныстыра жүріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Өткен жылы, ауданымыздағы күрделі жөндеуден өткен мектептің бірі Қатаркөл ауылындағы Ә. Досов атындағы білім ғимараты. Осы өңірде мұндай мектеп көп деуге де болады. Уақыт талабымен толыққанды жөндеуден өтіп, оқушылардың білімге деген құштарлығын оятатын мектепті, аудан әкімі Арай Серікбайұлы аралап, танысып шықты. Кітапханасы, алғашқы даярлық тобына арналған сынып кабинеттерін, оқушылардың асханасын аралап, алдағы оқу жылына деген дайындығы жайлы сұрады. Мектеп басшылары алдымызда келе жатқан жаңа оқу жылына толыққанды дайынбыз, жылу қазандықтарыы, мектеп оқулықтарын барлығын әзірлеп сақадай саймыз,-деді. Сонымен қатар, ауылдың әкімдігіне бас сұғып, мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жатқан, әкімдік қызметкерлерімен сөйлесіп, дидарласты. Ауыл кітапханасын аралап, көркем әдебиетке жас өскелең ұрпақты тартып, кітапты насихаттау керектігін айтып, ауыл кітапханашысына ризалық білдірді.
Қатаркөл ауылының белсенді азаматтарымен де танысты. Қатаркөлдіктер жылдан-жылға ауылдарының көркейіп, инфрақұрылымы дамып келе жатқандығын, алдағы уақытта тоғыз жолдың торабында тұрған Қатаркөлдің бұдан да әрі дамитындығына сенімді екендіктерін айтып жеткізді. Өңір бойынша ірі ауданның бірі болып саналатын Бурабай ауданына басшы болып келіп жатқан Арай Садықовтың еңбегіне жеміс тіледі. Ауылдық амбулаторияға бас сұғып, ақ халатты абзал жандармен сөйлескен аудан басшысына, медбикелер ауылдағы дәріхананың жоқтығын айтып, мүмкіндік болып жатса, біржақты шешім шығарып, қол ұшыңызды берсеңіз,-деді. Аудандық мәслихат төрағасы Малика Нұрпанова, пандемия тұсында, бұл ауылда дәріхана ашылған, бірақ тұтынушылардың саны аз, сондықтан да бұл мәселе күн тәртібінде тұр,-деп жауап берді.
Қатаркөл ауылындағы «Discovery» демалыс орнына барып, қызметкерлерімен кездесті. Күн сайын адам саны артып келе жатыр. Биылғы жазғы маусымда жан-жақтан келіп демалушылар көп болды,-дейді аталмыш демалыс орнының басшысының орынбасары. Қатаркөл ауылының әкімі Мереке Құсайыновқа, аудан басшысы бірқатар тапсырмалар берді. Бұның ішінде ауылшаруашылық колледжіне арнайы егістік жерін қарастыру, сонымен қатар жас кадрларды практикалық тұрғыда, көрші аудандарға жібермей, өзіміздің ауданда жұмыс істетіп, тәжірибе жинату жолдарын қарастыру керек,-деді.
Зеленобор ауылы
Бурабай кентінің іргесінде орналасқан Зеленобор ауылы ірі округтің бірі. Қымызнай, Мәдениет, Жаңаталап, Наурызбай батыр ауылдары осы округке қарайды. Округ әкімі Мәди Баженов. Алдымен аудан басшысы Зеленобор ауылының мектеп гимназиясына бас сұғып, мектептің жағдайымен танысты. Сонау посткеңестік кезеңде шаруашылығы өрлеп ауылдың іргесі сөгілмеген. Бай мұражайы бар. Мектеп-гимназия алдағы оқу жылына толыққанды дайын. Сонымен қатар, округке қарайтын мектеп жетекшілерімен танысып, қал-жағдайларын білді.
Ауылдың медициналық емханасына бас сұғып, дәрігермен танысты. Зеленобор ауылының медициналық амбулаториясы күрделі жөндеуді талап етіп тұр екен. Оның үстіне халық саны да көп. Алдағы уақытта мүмкіндік болса жатса, жоспарға енгізіп, бұны толыққанды қолға алуымыз керек,-деді аудан басшысы.
Қымызнай ауылына жарық керек
Аудан әкімі Арай Садықов Қымызнай ауылының бастауыш мектебіне бас сұғып, мектеп жетекшісімен танысты. Қазіргі таңда жеті бала білім алып жатыр. Алғашқы мектепке даярлық тобы бар. Бірақ, бала саны жыл өткен сайын азайып келе жатыр. Қымызнайлықтардың көпшілігі балаларын, округ орталығы Зеленоборға тасымалдайды,-дейді мектеп жетекшісі. Ауыл әкімі Қымызнай ауылының жарық пен ішкі жолын жөндеу керектігін айтып, өтініш жасады. Кең байтақ республикаға бал қымызымен аты шыққан Қымызнай ауылында мешіт салынып жатыр екен. Қазіргі күні ауыл тұрғындары ата кәсібі қымыз ғана өндіріп қоймай, сиыр ұстап, қаймақ, май, ірімшік өнімдерін сатуды кәсіпкөзіне айналдырған.
Мәдениет ауылында Спорт кешені салынып жатыр
Қаймағы бұзылмай тұрған ауылдың бірі Мәдениет ауылы. Іргелі ауылдың бірі. Соңғы жылдары әжептәуір инфрақұрылымы дамып, ілгерлеуі көрініп тұр. Аудан басшысы осы ауылда салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты. Ауыл ақсақалдары жыл өткен сайын мектепте бала саны азайып жатқандығын, шеттен келетін ағайынның көшін, ауылымызға бұруға көмек қолын созсаңыз деп өтінішін айтты. Демографиялық жағдайды ойлап, ауылының жай-күйіне алаңдаған ақсақалдың өтінішін жерге қалдырмайтындығын, алдағы уақытта жауапты тұлғаларға тапсырма беретіндігін айтып жеткізді.
Наурызбай батыр ауылына су тартылуда
Қазақстан мен Ресейдің күретамыры іспеттес болып тұрған жолы бар Наурызбай батыр ауылы ұлт пен ұлыстың баласының басы бір байрақтың астына жиналған ауыл екендігін барлығымыз жақсы білеміз. Аудан басшысы Арай Садықов, аталмыш ауылға барып наурызбайлық қариялар мен ауыл тұрғындарымен кездесті.
Қаншама жылдан бері, көкейтесті мәселе болып тұрған ауызсу мәселесін біртіндеп шешіліп келе жатыр. Биылғы жылы жұмыс басталды. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарының айтуына қарағанда спорттық алаң ашылып, елдің мерейі өсіп, көтеріліп қалды. Суымыз бар, жолымыз бар. Біртіндеп баяғы тоқыраудан тобықмайы қатқан кезеңнің ізі өшіп, жаңаша бір леп соғып, жылымықты сезе бастадық,-дейді ақсақалдар. Тек, бір өтінішіміз Омбы мен Щучинск қаласының тас жолын жөндеуге назар аударсаңыздар. Ал енді келер жылы үйімізде краннан су ағып, рақатқа батамыз ба деген үмітіміз бар,-деп жылы қабақ танытты қариялар.
Аудан басшысы, ауданға қызметке жаңа келіп жатқандықтан әлі де атқарылатын шаруалардың көп екендігін айтып, өзі жеке назарына алатындығын құлаққағыс қылды. Ауылдарыңызға барынша көмектесеміз, игілікті істің құлағы қылтиып басталған екен. Ақырындап барлығы өз орнына келеді деді. Ауыл ақсақалдары аудан басшысына баталарын беріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Ауылда мектеп жұмыс істеп тұр. Жаңа оқу жылына толыққанды дайын,-дейді мектеп әкімшілігі.
Күні бойы Қатаркөл, Зеленобор округтерін аралаған аудан басшысы Арай Садықов, ай сайын халықпен кездесіп, елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге барынша күш салатындығын айтып өтті.
Жеңіс Оспанов