Жұлдызы жоғарылап келеді. Кешегі жауған қалың қарды көшеде тазалап жүрген кішкентай ғана трактор, көшені ғана емес-әрбір аулаға жеке тоқталып, қарды үлкен күрегімен көсіп алып, жолдың жиегіне қарай үйіп жатыр. Аз жылдың ішінде Ұрымқай ауылы, әсерлі болып, шырайы кіргені байқалады. Жаңадан ашылған балабақша, бір балаға айына -10 мың теңге ғана. Ауыл ортасындағы кеңсеге кірдік. Пошта торабы, учаскелік инспектордың кабинеті, ауыл әкімінің аппараты барлығы жаңа үлгіде. Шындығы керек, тоқсаныншы жылдары тоқырап қалған ауылдан кейін, мынадай ғажап кеңсеге кіргенде ішінен шыққымыз келмей, біраз аралап таңдай қақтық. Іші қайнап тұр. Терезені ашып кейде желдетіп аламыз,-дейді кеңседегілер. Әр түрлі ұлт өкілдері тұрып жатқан ауылға сүйсіне қарадық. Мешіт салып жатыр деген соң, әкімнің кезекті есеп беру жиынына дейін мешіт үйін көріп келейік деп бардық. 130 орынға арналған үлкен зәулім мешіт. Құрылыс жұмысы аяқталуға жақын екен. Бұйыртса Ұлыстың ұлы күніне қарай ашылу рәсімін жасаймыз ба деген үмітіміз бар,-дейді ауыл тұрғындары.
Әкімдердің халыққа есеп беру жиынына қатысқан Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев ұрымқайлық тұрғындармен кездесіп, аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтіп, биылғы жылы атқаратын жұмыстарды пысықтап, Ұрымқай ауылына арналған жоспар жайлы мәліметімен бөлісті. Ауыл әкімі Жамбыл Оспанов, өзі басқаратын округтің жылдан-жылға көркейіп келе жатқандығын айтып, алда атқаратын біраз ауқымды шаруалардың бар екендігін де жасырмады.
Жеңіс Оспанов