Успеноюрьев ауылының округіне Николаевка, Райгородок ауылдары кіреді. Ауыл әкімі Талғат Оспанов.

Әкімдердің кезекті есеп беру жиналысы Успеноюрьев ауылында жалғасын тапты. Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев, аудан әкімінің орынбасары Бекахмет Махметов және аудандағы жауапты бөлім басшылары қатысты. Есептік кездесуде сөз алған Әсет Азаматұлы: — өткен жылы ауданымыз үшін оңтайлы жыл болды, біраз ауылдардың ішкі жолдарын жөндеп, көшелеріне жарық тартылып, спорттық ойын алаңдары орнатылды деп бастады сөз басын. Биылғы жоспарымызда ауылдық округтердің әлеуетін көтеріп, ифрақұрылымын дамытуға бағытталып отыр. Соның бірі осы ауылға Мир және Школьная көшелеріне көше жарығын орнатуды жоспарлап сметалық құжатын әзірлеп отырмыз. Жақсы бастама басталды. Тек әрі қарай дамыту, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану біздің қолымызда. Есептік кездесу халықпен диалогтік тұрғыда өрбігендіктен, жергілікті халықтың түйткілді тұстарын тереңінен талдап, талқылау керектігін аудан басшысы баса айтты. Успеноюрьев ауылының тұрғындарын мазалаған сұрақтың бірі жолдарды қардан тазалау мәселесі.

Ауыл әкімі Талғат Оспанов: — Кеше бұрқасын боран соққандықтан, бүгінгі күні көшедегі қарды тазалап ретке келтіріп жатырмыз. Техника үлгере алмай жатыр. Біздің округте — Николаевка, Райгородок ауылдары тұрғындарының да мәселелері бар екені белгілі. Сондықтан да, әрбір ауылдың ішіндегі, аудан аралығымен қатынайтын жолдары уақытында тазаланып отыру керектігін әркез назарда ұстаймыз. Қазір техника орталық көшелерді тазалап жатыр. Бірер күнде ауылдың ішін толық тазалап, жаяу жүргіншілер үшін мүмкіндік жасап қоямыз,-деп жергілікті тұрғынның сұрағына жауап берді.

Николаевка ауылынан келген аға буын өкілдерінің сауалдары жаңадан салынып жатқан аудан мен ауылдың ортасындағы жол жайлы болды. Әрине, бұның барлығы елдің игілігі үшін, түсінеміз, бірақ қашан аяқталады?-деп сауал жолдады.

Биылғы жылы жергілікті автожолдарды жөндеу жұмысын жүргізуге Көкшетау қаласының компаниясы тендерге қатысып, жеңіп алған болатын. Біріншіден бұл компанияда жауапкершілік бар. Екіншіден өз істеріне келгенде тыңғылықты қызмет атқара білетін компания,-деп аудан басшысы жауап берді. Халық пен әкімдердің арасындағы диалогтың ашық форматта өтуі, сонымен қатар ауыл тұрғындары бұрынғыдай емес, нақты істерге көз жеткізе бастағандай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA